• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Кино 15 Наурыз, 2018

Өскеменде «Алтыншы бекет»  фильмінің тұсаукесері өтті

625 рет
көрсетілді

14 наурыз күні Өскемендегі «Юбилейный» кинотеатрында Ұлттық ұлан жауынгерлерінің ерлігі мен қайсарлығы туралы түсірілген «Алтыншы бекет» көркем фильмінің тұсаукесер рәсімі өтті.

Тұсаукесерге Шығыс Қазақстан облысы күш құрылымдарының басшылары, Өскемен қаласы әкімдігінің өкілдері, республикалық, аймақтық БАҚ жетекшілері, дін өкілдері мен қоғам қайраткерлері шақырылды. Жаңа туынды наурыз айының 15-нен бастап еліміздің барлық кинотетарларында көрсетілетін болады.

 Бұл Ұлттық ұланның 2017-2019 жылдарға арналған арнайы имидждік бағдарламасын орындау аясында Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысы бойынша қазақстандық «АЮ СИНЕМА» кинокомпаниясы «Хабар» агенттігімен бірлесіп жасаған туынды. Осы ретте Қазақстан Республикасы Ұлттық  ұланының жауынгерлік қызметі туралы «Алтыншы бекет» атты толық метражды көркем фильммен қоса  телесериал түсірілгенін де атап өту керек.

«Бұл біздің  жауынгерлеріміздің ерліктері мен қайсарлығы жалпы, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы жайлы түсірілген тұңғыш фильм. Сол себепті бұл кештің біз үшін маңызы зор. Бұлар - бүгінгі күннің батырлары. Сондықтан, фильммнің тұсаукесеріне келгендеріңізе алғысымды білдіремін», - деді  көрсетілім алдында сөз алған Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Талапкер Қыдырұлы Амриев.

2010 жылғы 22 маусымда Ақтау қаласындағы қатаң тәртіптегі колониядан қашпақ болған 21 жазасын өтеушіге жалғыз өзі төтеп беріп, жанқиярлық ерлік көрсеткен Ұлттық ұлан жауынгері Ербол Отарбаев осынау фильм сюжетінің желісіне арқау болған.

Осы ерлігі үшін Ербол Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған еді. Бүгінде Ербол Ұлттық ұланның офицері.

Тұсаукесерге келген алғашқы көрермендер «Алтыншы бекет» фильмінен алған әсерлерімен бөлісті.

Айдос Жұқанұлы, "Қазақстан"РТРК" "ALTAI" телеарнасы директорының орынбасары - бас редактор:

  - Лаңкестерге һәм лаңкестік әрекеттің алдын алу барысын тек теледидардағы жаңалықтардан естіп, біліп отырамыз. Бұл тақырыпта түсірілген көркем фильм жоқтың қасы. Тек голливуд фильмдерінен көріп өстік. ХХІ ғасыр індетімен күресу - тек күштік құрылымдардың ғана емес, баршамыздың міндетіміз. Демек бізге "Алтыншы бекет" сынды фильмдер көптеп керек. Халықтың сауаты ашылады. Патриоттық сезім күшейеді. Отанға қызмет ету бәріміздің борышымыз екендігін түсінетін боламыз. Қазақ жігіттеріне, әскери адамдарға деген сенім, мақтаныш пайда болады. "Қазақстан"РТРК" "ALTAI" телеарнасы мұндай фильмдерді қолдайды, ақпараттық демеу көрсетеді. Фильм өте жақсы түсірілген. Режиссура, операторлық жұмыс, дыбыспен әрлеу, бәрі-бәрі жақсы. Кинотуындыны үлкен экраннан көрсетуге пәрмен көрсеткен Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына және қолбасшысы, генерал-майор Талапкер Амриев мырзаға рахмет айтамын.

Маржан Бақыт, "Нұр Отан" партиясы жанындағы "Жас Отан" ЖҚ ШҚОФ төрағасы:

  - Ұлттық Ұлан қолбасшылығының қолдауымен шынайы оқиғаны өзек еткен «Алтыншы бекет» көркем фильмі жоғары деңгейде түсірілген. Мен киноны бір деммен көріп шықтым, бір жағынан батырларымыздың ерлігіне қуанып көзіме жас алсам, бір жағынан теріс ағымның жетегінде кеткен жастарды көріп жүрегім ауырды. Бұл киноның тәрбиелік мәні зор, сол себептен барлық жастарға көрсетіп үлгі қылу керек деп санаймын.

Досжан Омархан, ШҚО Ақпараттық орталығының басшысы:

-Бұл картина қазақ сарбазының жиынтық образын қалыптастырады десе де болады. Жалпы, бүгінде əскер қатарында азаматтық борышты өтеудің престижін көтеру маңызды мəселе. Мысалы, көршілес Ресей əскери-патриоттық фильмдер түсіруге мемлекеттік сатып алу арқылы қыруар қаражат бөледі. Ал бізде мұндай фильмдер айтарлықтай көп емес. Мұндай тақырыптағы фильм идеологиялық құралдың бірі екенін ескерсек, "Алтыншы бекет" дер кезінде шығарылған сəтті туынды.

Көркем фильмде басты рөлдерді елімізге танымал актерлар Санұржан Сүлейменов, Жасұлан Өмірбек, Серік Салқынбаев, Ерболат Тоғызақов, Саят Исембаев, Қажымұқан Калимбетов, Жандос Жұмағұлов, Армат Смайылов, Бауыржан Балғабаев, Гүлнара Байбосынова және басқалары сомдайды. Фильмнің қоюшы режиссері - Серікбол Өтепбергенов.

 Бағдат Амангелді,

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының

 баспасөз қызметінің басшысы.

ӨСКЕМЕН